ترجمة "خزانة شمائل" إلى اللغة القازاقية
خزانة شمائل
صلاح معاطى
الرواية الجائزة احسان عبد القدوس لسنة 2005
«Шамаил қазынасы»
7 бет
الفصل الأول
Бірінші бөлім
Ол ішке кірген сәттен бастап барлық нәрсе тоқтап қалды. Кеңістікке қатысты сезімі жоғалғандай уақыт сезімі де жоққа айналды. Уақыт пен кеңістік бір ыдысқа құйылып ерітіліп, жаңа элементке айналғандай. Оның басқа мағынасы уақыт өзгерістері мен жер тұңғиығының терең құпиясынан мүлдем бөлек еді. Оның сезімдерінде еске алудың құндылығы қалмады... Түсіндіру құдіретін жоғалтқандай соқыр сезімдері де өз құдіретінен айырылған. Соңғы минуттарда жоқты сезетін, үнсіздікті еститін, тас қараңғылықта көретін жаңа сезімдерге ие болды.
Ол көрген нәрсесінің қозғалып тұрған белгісіз елес екенін не көру әлемінің әсерінен есінде қалған басқа бейне екенін білмеді. Шексіз кеңістікте еш мағынасы жоқ дірілдеген кескіндер мен сызықтар ойша салына бастады. Бұл дөңгелек, жарты ай не төртбұрыш іспетті бейнелер тұғын. Бәлкім бұл қараңғылықтың тұңғиық әлеміне кірмей тұрып есінде қалған заттардың бейнесі болар, бұл қандай қараңғылық, ешнәрсе көзге ілінбейтін тас қараңғылық, жарық келмеске кеткендей. Әлде қараңғылық оны қысқа ұйқыға батырып, ол өзі тап болған мекенге таң қалып, өзін ұмытып кеткендей көрінді.
8
Оның естігені айналасындағы толық тыныштықтан естілгендей көрінген құлағының жаңғырығы ма әлде ғасырлар бойы әділетсіздікке ұшырағандардың ыңырсуы ма? Жарықта ар-ождандары ұйқыға батқандай тас қараңғыда да қорқақ көздері ұйқыға батады да, ыңырсуларына қоса қаһарға ұшыраушылар мен азап шегушілердің аурулары оянып, жарақаттарының аузы ашылады.
Оны бұл жерге әкелген не нәрсе? Ол ешнәрсені есіне түсіре алмады да, оның өмірін, ақылы мен санасын қараңғылық қаптады... Мына белгісіз ұлтарақтай жерде шынында да жалғыз қалғанын не жанында серіктері бар екенін білмеді... Ішкі әлеміндегі құпия жерден жанын жұлып алғандай еш рақымсыз, жағымсыз сасық иіс оның денесін шырмауықтай шырмап алды...
Оның көздері қараңғылыққа бейімделе бастады, бірақ керісінше қараңғылық оның көздеріне үйрене бастағандай көрінді. Соқырды қолынан жетектеген тас қараңғылық жол көрсеткіші болатынын танытып, осы жерде оны билей бастады... Ол өзі тұрған жердің шын суретін салуға көмектесетін не болмаса сүйеніш болатын қабырғаны іздей бастады. Қабырғалар алыста, тіршіліктің соңы сияқты тас қараңғылықта оның тараптары алыс қашықтыққа созылып жатты. Соңы жоқ, терең, шексіз кеңістікке құлады ма әлде түбі жоқ шұңқырдың тереңіне тайып кетті ме, әйтеуір пайдасыз болса да жәймендеп кезекпен оны тарта бастады. Кішкентай тышқанды алып жыланның жұта салатынындай тас қараңғы кеңістік те оны еріксіз жұтып жатыр.
Қорқыныштан дірілдеп, жүрегі қатты соғып, белгісіз дыбыстар құлағын мазалай берді. Немесе ол келместен бұрын тыныштық пен үнсіздікте ұйқыға батқан басқа мақұлықтардың мазасын қашырып алды ма? Ол кірпіктері мен киім астындағы аяқтарының еріксіз қозғалып жатқанын сезді және бүкіл денесінде ине шаншылғандай көрінді... Әрі-бері сақтықпен жүріп көрді... Өзінің жанынан біреудің қимылын естігендей болды. Қатты дауыстап:
9
- Мұнда біреу бар ма?- деп айқайлап жіберді.
Сәл уақыттан соң тек өз даусының құр жаңғырығы ғана естілді. Бұдан артық жүре алмады. Тас қараңғылық ұзақ жерге жайылып, оның әлсіздігі мен жігерсіздігі арта түсті. Тізерлеп отырып қайта сұрай бастады:
Неліктен ол мұнда тап болды?! Жалғыздық пен бейшара күйге ұшырап осындай бос, суық жерде тағдырының өтуі үшін қандай күнә жасады? Соғып тұрған жүрегі мен күмәнді жанынан басқа ешқандай тіршілікпен байланысы жоқ алыс шалғайдағы бұл жер әлемнен шектелген етін... Кенеттен құрттай жеп сүйегінен өтіп бара жатқан суықты сезді. Атып тұрып ақырын дауыспен өзімен-өзі сөйлесіп әрі-бері жүре бастады. Бұл дауыс оны уайымнан арылтып, қорқыныштан серпігендей болды:
- Фатима, қазір сенің жағдайың қалай екен? Сен дүниеге сәби алып келдің бе? Қыз бала ма әлде ұл ма? Алла не берсе де, әйтеуір онда бір жақсылық бар... Маңыздысы менің бұл жерден шығып саған қайта оралуым. Менің жоқтығымнан, әсіресе өзі тығырыққа тірелген кезде қиындықтардан әбден басы қатқан болар... Мен оған ешқашан кешікпеймін деп айтқан болатынмын... Осы жерден басқа кез келген жерде болғанымда ғой... Қалай болғанда да ертең таңертең бұл жерден шығып, барлық тіршіліктерімді бітіремін... Тек қана бір түнді өткізсем болғаны!
10
Осы жерден қатты дауыс шыққанда оның денесі дір ете қалды:
- Бұл саған жай елес емес... Қорқыныш пен үрейден дірілдеп сол жерде ойланбастан жүгіре бастады да, сүрініп кетті. Ол орнынан атып тұрып айқайлай:
- Кім? Мұнда кім бар? – деді.
Бір нәрсеге сүрініп қалды да, жерге құлап түсті. Тас қараңғыда көз алдына әр түрлі нәрселер келіп, алыс-жақын жерлерде қорқынышпен үрейленіп жүргіре кеткен қозылар елестей бастады. Тез арада өзін қолына алды. Ол сүрінген нәрсенің адам денесі ме әлде ғасырлар бұрын ұмытылып кеткен қара тас па, оны білмеді де, өзін тұншықтырған қорқыныштан дауыстап айқайлай жөнелді:
- Мұнда кім бар?
Бір сәтке тыныштық орнап, ол өзі сүрінген нәрсесін сезіп тұрды. Мұздай суық ылғалды жерге лақтырылған адам денесі тастың кішкене бөлшегіндей көрінді. Оның басында перғауын заманында мумияланған өлік деген ой ұшқыны сақталып қалды. Қорқыныштан дірілдеп:
- Сен кімсің? - деді.
Жердің түкпірінен әлсіз бір үн естілді:
- Тыныштал, бауырым, мен сен ойлағандай аруақ та, жын да емеспін, өзің сияқты адаммын. Тағдыр мені қорқынышты шұңқырға алып келді де, мен осында ұмыт болдым.
11
Оның денесін сезіп тұрып:
- Бұл жерге қалай келдің және мұндай мұздай сауық ыза жерде жалаңаш ұйықтауыңа не себеп? Егер сенде төсеніш пен көрпе болмаса, мынау менің төсенішім мен көрпем, - деді.
Бейтаныс адам оның төсеніші мен көрпесін өзіне қарай итеріп, былай деді:
- Төсенішім мен көрпемді артыма тастадым. Олардың маған қажеті де жоқ. Азаптаушыдан кейінгі дене қызуын тек мұздай суық қана баса алады. Мына суық жердің адамзаттың жүрегіне қарағанда жанашырлығы әлдеқайда мол.
- Мырза, сіз кім боласыз?
Бұл адамның беті шығыңқы, қарны жерге жабысқан, бет-аузы шаң-шаң болатын. Арқасында айқын көрінетін белгі бар екен. Тас қараңғыда мұны көре алмаса да, денесін қолымен ұстап, бұл белгіні айқын сезді. Ол кенеттен дір ете қалады да, бәсең даусыпен ыңырсып, батырлар жыры мен халық жоқтауын айтып жатқандай қиналып сөйлей бастады:
- Мен зұлымдардың жолындағы қашқын өжетпін, шыншылдардың көкірегіндегі шындықпын, ашулының бойындағы ашумын.
- Сіз мысырлықсыз ба?
- Егер мен Сұлтан Наср Фараж ибн Бурқуқтың мәмлүгімін десем қалай қарайсың?
Келесі біреу таңдай қағып:
12
- Бірақ сіздің сөйлеу мәнеріңіз мысырлыққа ұқсайды және сөздеріңіз де мәмлүктердікіндей емес, - деп дауыстады.
Ол терең күрсінді де, сасқалақтап:
- Мен осы елдің ұлымын, мысырлықтың баласы мысырлықпын, әкем қолөнер саласында тігіншілікпен айналысып, Сұлтан Бурқуқтың досы болған. Сондықтан әкем өлген соң, еш қиындықсыз Сұлтанның мәмлүгі болдым.
- Сонда сен Сұлтанның мәмлүгісің бе?
Ол оның сұрағын естімегендей:
- Әкемнің сөзін тыңдап сол сияқты тігінші болғанымда ғой. Бұл мәмлүк киімінде еркіндік пен амандықта қызық өмір сүремін деп ойладым, бірақ мен оның астарында масқаралық пен қорлықтың жасырылғанын білмеппін.
Енді бірі сөйлеушінің қолынан қағып жіберіп:
- Мен де басымнан бастап аяғымның ұшына дейін мысырлық бола тұра Сұлтанның мәмлүгімін. Бірақ қызметімнің көбі әскер ортасында емес, сарай ішінде өтетін. Сұлтанмен сыртқа көп шықпайтынмын, мен сұлтанның етікшісі Жәләл ад-Дин Жумдармын. Мереке күндері, сұлтанның жебе, найза, доп, ойнауға үлкен алаңға шығуы немесе намаз оқу үрдісі кезінде мені көрген шығарсыздар.
13
- Ал маған келер болсақ, менің атым Алә ад-Дин Сирафи. Мен Сұлтан Бурқуқпен бірге сұлтанның тағын алуға ұмтылған сатқын әмірлеріне қарсы күрескен мәмлүктердің бірімін. Оған қарсы көтерілісті басып, әмірлерді тұтқындадық. Біз бала шағымыздан Сұлтан Бурқуқтың қол астында тәрбиелендік, шын берілген жауынгер, ержүрек сері болу үшін сарайда және әскери тұрақтарда ілім алдық.
Оның баласы Сұлтан Фараж сұлтан болғанда да бізге кешірім беріп, біз - мәмлүктер өзі қалаған нәрсесіне қол жеткізе алатын сұлтанның оң қолы, негізгі күші болдық. Дегенмен ол біздің осындай жаңқиярлығымыз үшін бізді марпаттамай, жер бетінде зұлымдық тарату үшін Кавказ, Еуропа мен Қыпшақ даласынан келген мәмлүктерді марапаттап, оларға жер мен қаржы беретін. Сұлтан олардың қолдарын еркін қоя берді, ал олар болса жолдарды қиратып, базарларды тонап, ар-ожданды таптаған ашкөз иттер сияқты тайраңдай бастады. Мұндай әділетсіздікке төзе алмай сұлтанға қарсы шығып, өз құқығымызды талап еткен сәтте біздің шағымдарымызға құлақ аспастан бізді тұтқындап, осы жерге алып келді!!
Жәләл ад-Дин оның қолынын ұстап, аяушылығын білдіріп былай деді:
- Ешнәрсе етпес, ертең бұл жерден шыққанда сенің сөздеріңді сұлтанға жеткізем, ол өте жақсы адам, менің өтінішімнен бас тарта қоймас.
Алә ад-Дин денесіндегі жарақаттан қиналса да, күлкісін тыя алмастан сөзін жалғастырып:
14
- Бұл жерден шығамын дейсің бе? Қандай аңқау жан едің? Сөйтіп отырып өзіңді сұлтанның мәмлүгімін дейсің бе? Сен әлі күнге дейін Шамаил қазынасы туралы естімедің бе?
Осы жерден тағы біреудің даусы шығады:
- Оның негізін қалаушыны да, құрылысшыларын да, жұмысшылары мен қожайынын да, ішіндегілері мен сыртындағыларын да Алланың қарғысы атсын!
Екінші бірі:
- Ішіндегілер жоқтың қатарында, ал сыртындағылар өмірге жаңа келгендер.
Үшінші дауыс әңгімені жалғастырып:
- Оның ішіне кірген пенде жарық дүниені екінші рет көре алмайды.
Өзінің Шамаил қазынасына келуінің ерекшелігін түсіндіруге тырысқан Жәләл ад-Дин былай деді:
- Менің жағдайым мүлдем басқа, мен мұнда уақытша келдім. Шынын айтсам мен ешқандай қылмыс жасамадым. Мен саяси көтерілісші де, еркіндік жариялаған мәмлүк те, сатқын да емеспін.
Алә ад-Дин оның сөзін бөліп:
- Онда Шамаил қазынасына қалай тап болдың?
- Өткен жұма күні Сұлтан Бурқуқ мешітінде сұлтанның намаз оқу салтанатында болдым. Маған жүктелген тапсырма сұлтан намазын аяқтап мешіттен шыққанға дейін оның етігін күзету болатын. Сұлтанның етігін жаныма қоя салып екі ракаат сүннет намазын оқи жөнелдім. Намазымды аяқтай салысымен жан-жағыма қарай бастадым. Етік қымбат тастармен безендірілген өте әдемі болатын. Қылмыскер қолын соза беріп, сұлтанның етігін ұрлап кетеді.
15
Алә ад-Дин өзінің ауыр жарақатын естен шығарып, тас қараңғыда жылтыраған көздерінен жас шыққанша күлкіден жарылып кете жаздады:
- Ой, міскін, содан соң не істедің?
- Менің жағдайымды елестетіп көрші. Етігін алмақшы болған сұлтанның қолының бос қайтуынан қорқып, тұңғиығы терең шексіз қиялымда мешіттен жалаң аяқ шыққан сұлтан мен желкемнен шап беріп ұстап алған мәмлүктердің суреті тұрды... Шыныдығында табиғатымнан ержүрек болмасам да, аяқ астынан батылдығым жоғалып, аяғыма ұшып тұрып, қаша жөнелдім. Сұлтанның әскері ізіме түсіп, ақыры мені тұтқындады да, қамал түрмесіне әкелді.
- Неліктен қамалдағы түрмеде қалмадың? – деп сұрады Алә ад-Дин қызығушылық танытып.
Қамалдағы түрме адамдарға лық толы екен. Саған айтқанымдай кептеліс пен адамдардың көптігін көтере алмайтындықтан, ол жақтан бас тарттым. Мені Фустат түрмесіне жеберді. Онда тіпті аяқ басатын жер болмады, ал әл-Кәсуа түрмесіне келер болсақ, онда ине қадар жер жоқ екен.
16
Алә ад-Дин түсінгендей болып, әңімені жалғасытыра бастады:
- Осы күндері түрмеге деген сұраныс жоғарылаған сияқты! Шамаил қазынасына, мына біздің ортамызға сені не нәрсе әкелді?
Жәләл ад-Дин Жумдар сәл кідіріп, мәселенің шешімін табуға тырысқандай болып, былай деді:
- Жәмәл ад-Дин Асфара Айнуһу әл-Истәдар Шамаил қазынасында таңертеңге дейін бір түн өткізу туралы нұсқау беріп, сұлтанмен отырып мәселені қарап, бұл істің мән-жайын анықтайтынын айтты.
Алә ад-Дин үрейленіп:
- Кім дедің? Жәмәл ад-Дин Асфара Айнуһу әл-Истәдар?...
Шамаил қазынасында қаһарлы көрініс пайда болып, әр жерден Жәмәл ад-Динге лағнет айтылып жатты:
- Әрқашан, кез келген жерде оған қарғыс атсын!
- Тәңірім, оның ауызбіршілігін бұзып, ауыр халге душар ет, балаларын жетім ет.
- Біздің көргенімізді оған да көрсетіп, бізге күш көрсеткенге үстемдік ете гөр!
17
Ғәлә ад-Дин өз еркіне қарамастан орнынан тұрып, зынданның жоғарғы жағындағы кішкентай тесікке жетіп:
- Бұл жерге келмей тұрғанымда соңғы рет Жәмәл ад-Дин Асфара Айнуһу әл-Истәдардың жүзін көрген едім. Ол ең көп дегенде екі-үш күннің ішінде мәселені шешіп, сұлтан мәмлүктерінің арасындағы қызметім мен үйіме оралу үшін еркіндік беретініне сендірген болатын. Оған қоса біздің шағымдарымыздың бәрін қарап, шетелдік мәмлүктерден де жоғары жалақы беріп, бізді марапаттайтынына уәде берген... Міне енді бір жыл өтті. Толық бір жыл өтсе де серіктестеріммен бірге әлі Шамаил қазынасындамын. Ар-ожданымыз тапталып, азап дәмін шегіп отырмыз.
Жәләл ад-Дин Жумдар шынайы мұсылмандық белгісін қорғамақ болып, асыға былай деді:
- Ал менің жағдайым мүлдем басқа, өкінішке орай менің ісім Шамаил қазынасында емес, қамал түрмесінде жазылған және менің айыбым жеңіл. Тек сұлтанның етігінің жоғалуы болмаса, ал сұлтанда одан басқа қаншама етік бар, содан соң мен...
Алә Ад-Дин оның сөзін бөліп:
- Шынымен де айыбың жеңіл деп айтқың келе ме? Ей, бейшара, сенің жағдайың біздікінен әлдеқайда қиын. Сұлтанның етігіне жауапкершіліксіз қарағаның ғана ма? Сеніңше ол жай ғана етік болса, ол үшін бұл етік бүкіл сұлтандыққа тең. Мүмкін Жәмәл ад-Дин Асфара Айнуһу сияқты сенімділерінің бірі оның құлағына етіктің жоғалуы сіз үшін үлкен қатер, оған қоса етіктің жоғалуы сіздің сұлтандығыңыздың жоғалуына ескерту деп сыбырлап қойған болар.
Алә ад-Дин күлкіден жарыла жаздады. Сол жерді айнала шыққан күлкісі алып толқынға айналғандай болды. Бұл күлкі алғаш рет Шамаил қазынасына қарай жол тапқандай болды.
الفصل الثاني
19
Екінші бөлім
Түні бойы кірпік қақпай, көз ілмей шықты. Қорқыныш пен күтуге толы осындай қарбалас сәттің бір ғана жол екенін біле тұра және Шамаил қазынасы мен оның күші туралы өз серіктерінен ести тұрып оған қандай ұйқы болсын. Ол Шамаил қазынасы туралы көп естігенімен, есту бір бөлек және оны өз көзімен көру мүлдем бөлек нәрсе болатын.
Оның жан дүниесі түрлі сұрақтарға толы еді... Бір етіктің кесірінен осындай тағдырға душар болды ма?! Сұлтанның намаз оқу салтанатына қатысып, оны өз орнында күткенде және сұлтанға етігін беріп, еркіндікте қалғанда ғой. Тіпті сұлтанның жазасы Шамаил қазынасында уақыт өткізгеннен мың есе жақсы болатын еді. Бірақ адам баласы әрқашан көзінің алдындағы айдан анық тура жолдан осылайша адасса керек.
Қайғылы қарбалас кезеңді басынан өткізіп отырған әйелі Фатиманы еске алып, дәл қазір оның жанында болуы тиіс екенін ойлады. Ер кісінің осындай жағдайда әйелімен бірге болуы оның науқасын әлсіретіп, қорқынышын біршама сейілтер еді. Оның үстіне өзінің кішкене бөлшегі баласын көріп, өсіп келе жатқан жасты асқан мейірімділікпен тәрбиелеп, тәтті беттерін сүйіп, оның шешесіне не әкесіне тартқанын біліп, Құран Кәрімнің кейбір аяттарын құлағына сыбырлап, достары мен таныстарының құттықтауларын қабылдап, «бәленшенің әкесі-ау» деген шақыруды естіп, құрбан шалып, қуаныштан айқай салып, тойда жолдастарының арасында өзін мақтан тұтып, бақытты болар еді... Осылайша үйдің іші қуанышқа толы болар еді...
Денесі дір ете қалды. Мұның мұздай қазынадағы салқынан ба әлде таң атысымен бірге күтіп отырған белгісіздіктің қорқынышынан ба білмеді... Фатиманың ерке баладай қысып алатын ыстық құшағын аңсады. Ол әйелінің әсерлі құшағында болу керек еді. Көзін жұмып алып, оның тәтті құшағында ләззатқа батқандай сезінді. Фатима оның мәңгілік қорғаны, жағалауына ұзақ қиыншылықтан кейін әрең жеткен қорғаныш айлағы, таңертең шуақ шашар күні, түнде жалғыздықтан айырып, сәуле төгер жарық айы болатын.
Оны осыдан үш жыл бұрын базарда тәттілер сататын Салих Шахаби дүкенінің жанында көмекшісімен бірге көргенде сұлулығы көзіне оттай басылып, Салихтың құлағына сыбырлап:
- Салих ағай, мына сұлу қыз кім өзі? Оны базардан бұрын-соңды көрмеген болатынмын. Шынында да Каирде мұндай сұлулықты ешкім көрмеген.
21
Салих Шахаби күлімсіреп:
- Бұл Муанас Ғаттардың қызы Фатима. Ол көркем мінезді және өте көрікті қыз. Муанас мұғалім қызын қалай тәрбиелеу керектігін білетін адам.
Ол шынын айтты! Мұндай қызды тек Ғаттар ибн Ғаттар ғана тәрбиелей алатын! Осы уақыттан бастап бұл қыз оның жүрегін жаулап, махаббаттың отын жақты, ұйқысын бұзып, түнін күнге айналдырды... Оны ессіз ғашық болу дәрежесіне дейін жеткізді. Жұмысын бітіре салысымен оның үйіне жүгіріп, қолайлы жағдай туғанша үйдің алдында сағаттар бойы күтіп тұратын. Оның сұлу келбетіне ұрлана қарап, қызметшісін шақырған нәзік даусын еститін.
Оның қызға құлай ғашық болғанын байқап қалған тәтті сатушы Салих Шахаби қолынан бағы таймай тұрып оған құда түсуге кеңес берді. Ол үйдің алдында өлі әруақ сияқты тұрып қалды. Қыз әдемі, ал құда түсушілер көп.
Жәләл ад-Диннің өңі қашып кетіп:
- Салих ағай, қалайша құда түспекпін?! Өзіңіз де оның қандай кедей болғанын білесіз. Әкеміз, Алланың рақымы болсын, бізге інген де, түйе де, жер де, байлық та қалдырмапты. Ал өзімде бар ақшаға үй де сала алмаймын.
Бір жағынан досы әрі әкесі болған Салих Шахаби оған демеу болып:
22
- Жәләл, балам, барлық нәрсенің шешімі бар, адам дос-жарымен мықты, бірлік бар жерде тірлік бар. Мауанас көкең сені ешқашан қинамас...
***
- Муанас мұғалім, не дедіңіз?
- Салих мұғалім, сіздің бұл сөзіңізден кейін не айта алам?
- Алланың жақсылығы болсын... Неке қию салтанаты Хусейн мешітінде келесі жұма күні өтсін, құдай қаласа, неке түні де сол күні болсын. Жәләл, құттықтаймын...
***
Бақыттан басы айналып, аспандағы қол жетпес жұлдыздай көрініп, жүрегімен шын жақсы көрген қызды салтанатпен алып кетті. Ал енді қыз оның құшағында, көзі көзіне түсіп, денесі денесіне жабысып жатыр. Осы кезде ағайындары сыртта бақытты үйлену тойын тойлап, олардың көтеріңкі дауыстары мен қуаныштары жеті қабат көкке жетіп жатты... Жәләл ад-Дин қыздың құлағына сыбырлап:
- Фатима, мен сені қатты жақсы көремін. Сені көрген сәттен бастап саған ғашық болдым, - деді.
Қыз бір ауыз сөз айтпастан ұялып, сұлулығына сұлулық қосып сәл жымиып қойды... Ол сөзін жалғастырып:
- Өзіме-өзім сенер емеспін! Біз шынында да жабық үйде оңашада екеуміз ғана қалдық па? Фатима, неге үндемейсің?
23
- Менен не естігің келеді?
- Не болса да.... Бұл түс емес, шындық екеніне көз жеткізу үшін сенің әдемі даусыңды естігім келеді.
- Өзің қалағандай сені бақытты қылу үшін барлығында құрбан етуге дайын екенімді ғана айта аламын.
Бұл түні құбылмалы тағдыр оған қолын созып, өзіне күле қарағандай сезініп, бөлменің түкпір-түкпірінде қуаныштан басы айналып, билеп жүрді.
Күндер өтіп жатты, ол Фатиманы құшағына алып, одан бір елі де алыстамады, қайта оған үйленгеннен кейін махаббаты екі есе өскендей болды... Бірақ бір ғана нәрсе екеуінің бақытты өміріне кедергі жасап, алаңдата бастады... Бір жылдан астам уақыт өткенімен, ер адамның әйелден күтетін басты сыйлығы, махаббаттың жемісі, өмірдің жалғасы болып табылатын сәби әлі дүниеге келмеді. Бірақ оның пәктігін қорлап, намысын таптап, аналық жүрегін жараламас үшін бұл жөнінде ешқашан әңгіме қозғамайтын. Бір күні әйелінің өзі сөз бастап:
- Ұзақ уақыт бойы терең ойға салынып, не ойлап жүргеніңді білем... Сен екінші әйел алмасаң, мен саған сәби сыйлай алмаймын. Бұл Алланың саған берген құқы. Ал мен сенің көмекшің боламын, - деді.
Ол әйеліне махаббатпен қарап:
24
- Біздің басымызға бала сүю жазылмаса да, ешқашан да екінші әйел алып, сенің жүрегіңді жаралайтын күн тумас. Фатима, бұл тек жалғыз саған емес, екумізге де қатысты .
Бірнеше айдан кейін-ақ Фатиманың ішкі әлемінде өзгерістер пайда бола бастады... Бұл екеуі үшін де күтпеген жағдай еді. Ұзақ уақыт бойы күтіп жүрген кішкентай қонаққа қатты қуанып, өздерін бақытты сезінді... Бірақ кейде тағдыр адамның қалауынан мүлдем өзгеше болады... Сұлтан әскерлері оны ұстап алып, Шамаил қазынасына алып келді.
Оның іші өртеніп, жан дүниесінде алай-дүлей дауыл соғып, көз жасын көлдетуге сәл тұрды. Алә ад-Дин оған демеу болып, жәй құпия дауыспен:
- Жәләл ад-Дин, бұлай болмас, біле білсең көз жас пен қиындықтар біз үшін екі есе сауап болмақ. Жігітім, өзіңді-өзің ұстап, сабырлық таныт. Біліп қой, Алла тағдырыңа жазбаса, барлық халық жиналса да, саған зиянын тигізе алмас, - деді.
- Иә, Алланың қалауымен.
***
Қиын жағдайға тап болған Фатиманың өңі қашып, терең ойға батып, қайғырып отырды. Көздері есікке қадалып, әдеті бойынша үйдің тыныштығы мен жалғыздығын бұзып, тәтті айқаймен улап-шулап кіріп келіп, оған қатысы жоқ тақырыптарда да әңгімесін бастап кететін сүйіктісінің есікті ашып кіріп келуін күтіп отырған:
25
- Фатима, мен бүгін сұлтанға аз ғана етік тіктім, әтек оны көргенде ақылынан адасуға сәл қалып, өзіне де дәл осындай етік тігіп беруімді қалады.
Ернін тістеп, оның алдына тағам алып келді де:
- Әтек ... Ендігі қалғаны әтекке етік тігіп беру еді! Сен тек сұлтанның етікшісі емессің бе!
Бамиямен жасалған күріштің бір қасығы мен бір тілім етті аузына салып жіберіп, мақтай жөнелді:
- Алла! Бұл шынында да сұлтанға арналған тамақ қой, қолыңа дерт бермесін, Фатима.
Оны иығынан ойнап итеріп:
- Жәләл ад-Дин осы мазағыңды қашан қоясың... Қорыққаныңнан айтып отырғаныңды білем.
Оны өзінің жанына қарай тартып отырғызып:
- Құдай ақы, шын айтам.
26
- Сол себепті мені күні бойы жалғыз қалдырып, бүкіл күніңді сұлтанның сарайында өткізесің, ал мен сені тек аз уақытқа қана көремін, - деді қылымсып.
Оны өзіне қарай тартып, қатты сүйіп алды да:
- Сен менің ханшайымымсың, ал мен сенің құлыңмын. Ал ханшайым өз құлына ондаған әйелдер мен жер, ферма сыйға тартпай ма?
Ханшайым Жәләл ад-Дин босатқан ыдыстағы қалдық көжені аузына салып, оны тәж қылып басын қойды да өзін нұсқап:
- Ей, Жәләл ад-Дин, саған тек бір ғана әйелді сыйға тартамыз.
Ішіп отырған асын тастай салып, әйелінің қасына жақындады да, оны құшақтап тұрып:
- Қабылдадым, сұлтанның айтқаны заң, оның сөзін қайтаруға болмайды, - деп, оның қолынан тартып, жатын бөлмесіне қарай беттегені сол еді, әйелі:
- Тағам ше? – деді.
- Ханшайымым менің, ол кейінге!
Осының бәрін еске алып отырған Фатиманың көздеріне жас үйіріліп, жанында ұйықтап жатқан баласына қарап, маңдайынан сүйіп:
- Жәләл ад-Дин, қайдасың? Екі күн өтті, әлі жоқсың, сенің бұлай кешігу әдетің жоқ еді ғой, - деді өзіне-өзі.
27
Дүрсілдетіп ұрған есік қағысын естіп, орнынан үрейленіп атып тұрды да:
- Жәләл ад-Дин! – деді.
Қайғылы уайымға салынып, үміті үзіліп, көңілі қайта түсіп артқа қарай шегіншектеп:
- Жоқ, Жәләл ад-Дин бұлай есік қақпайтын, мұндай уақытта адам естігісі келмейтін суық хабар әкелетіндерден басқа кім болуы мүмкін?
Қорқыныштан жүрегі дүрсілдеген қызметшісі есікті ашуға кетті де, сәлден соң қайта оралып:
- Ханым, әскер келді, сізді сұрап жатыр, - дей берді.
Ол шапшаң киініп, сырқаттан қиналса да, сыртқа шығуға асықты:
- Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын... Не болып қалды екен? Әлде Жәләл ад-Дин бір бәлеге ұшырады ма?
Есік алдында сұлтанның бірнеше жауынгері тұр екен. Оларды көкіретеріндегі белгілерінен таныды. Олардың бірі алға шығып:
- Кешіріңіз, ханым... Біз үйіңізге тінту жүргізу туралы бұйрық алдық, - деді.
- Тінту! Не үшін? – деп сұрады абыржып.
28
- Сұлтанның гауһар тастары жоғалды... Барлық айғақтар сіздің жұбайыңыз Жәләл ад-Дин Жумдарға келіп тірелді. Кеше сұлтанның салтанатынан қашып кеткен ол бүгін қолға түсіп, қамауға алынды.
- Жәләл ад-Дин Жумдар... Сүйіктім! Ол қайда? – деді қобалжып.
- Негізінен ол қымбат тастар табылғанға дейін қамауға алынды... Ең дұрысы, бізге көмегіңізді көрсетіп, гауһар тастардың қайда жасырылғанын айтыңыз. Оның жасырылған жерін білетініңізге күмәнім жоқ!
Осы кезде ғана жұбайының үйге оралмау себебін білді. Жәләл ад-Дин Жумдар қиын жағдайға душар болмаса, еш кешікпеуші еді. Қандай қиындыққа душар болдың, сүйіктім менің? Сен әділдік пен шындықтың жаршысы едің. Шынайы қылмыскерді жасыру үшін күдік тудырып, саған осындай қатыгез жала жапқан кім екен?
Ол бұдан артыққа шыдай алмай, жасқа булығып кетті. Әскерлер кенеттен баса-көктеп кіріп, үйдің астан-кестеңін шығарып, кішкентай сәбидің алғашқы түндегі ұйқысын бұзды. Үйдің үнсіздігі мен тыныштығын жойған бұл адамдардың қатыгездігінен бе кішкентай сәби анасы құшағына алғанша жылауын тоқтатпады.
Өздерінің іздегендерін таппаған соң, олардың басшысы:
- Оның гауһар тастарды үйден басқа жерге жасырғанына сенімдімін. Ертең оған бәрін мойындатқызамыз... Кеттік! – деді айқайлап.
الفصل الثالث
29
Үшінші бөлім
Шамаил қазынасының жоғары жағында темір тордың арасынан шырайлап жаңа атқан күн шуақтары сәулесін шашып, бұл жерде қысқа уақытқа нұрын төккен. Осындай жан түршігерлік жерде бір сәтке де аялдамай, күн шуағы бірінен соң бірі келмеске кетіп, өшіп жатты.
Жәләл ад-Дин Жумдар түрменің ішін бір шолып өтті де, қайта қараңғылық басқанын қалады. Тас қараңғылық барлық жантүршігерлік ұсқынсыз көріністерді жасырып тұрған болатын. Енді бұл жарық қараңғыда жасырылған көріністерді айқын етті... Оның күлгін сары қабырғалары тегіс емес, сырты түсіп, ылғалдылық қаптаған, біраз жері шешек ауруына ұшырағандай шұрық тесік... Қап-қара, биік төбесінің бұрыш-бұрышына өрмекшілер ұялаған, оған қоса ағаш арқалықтың бірінде жарқанаттар аяқтарымен жабысып, зынданның кеңістігінде денелері мен қанаттары салбырап жатыр. Тек көздері тас қараңғылық басқан бұл мақұлықтар түрмедегілерді қарауылдап жатқан шайтандай көрінді...
Құмды лас жердің әр тұсында денелерінен жауыздық пен жазаның белгілері анық байқалатын жартылай жалаңаш тұтқындар созылып жатты... Зынданның ішіндегі жантүршігерлік кептеліс оны таңқалдырды. Ол қазынада өзі мен серігі Алә ад-Дин Сирафи және бірнеше тұтқындардан басқа ешкім жоқ деп ойлаған болатын. Жәләл ад-Дин Алә ад-Диннің бейнесін ойша суреттеген болатын. Ол бәдәуилер заманында өмір сүрген адамдар сияқты ұзын сақалды, шашы ұйыпаланған адамдай көрінген тұғын.
Жәләл ад-Дин Жумдар сол жерде жаңғырығы қатты тараған зынданның есігінен шыққан салдыр-гүлдірге назар аударды.
Ішке ит ұстаған бірнеше адам кіріп келді. Қолдарында қамшы. Олар түрмеге баса-көктеп кіріп келіп, қатыгез дауыспен ашуға салып, айқайлай бастады:
- Кеттік...
Иттер мен тұтқындар арасында бітпеген кек бар сияқты иттер тістерін арсыйтып жабайылық пен ашуға салып үре бастады... Аяқтарымен оларға жақындап кеткендердің барлығын тырналап жатыр. Ал тұтқындар болса, қорқыныштан дірілдеп, иттерді көріп үрейден айқайлап жатты. Зынданның сыртында сапта тұрғандарда ит болмады, олардың қолында бірінен кейін бірі келе жатқан адамдарды ұрып жатқан қамшы. Олар:
- Ей, ақымақ, жылдам қозғал! Денеңді бөлшектеп тастамай тұрғанда жүр тез! – деп айқайлап қояды.
31
Жәләл ад-Дин Жумдар да қай жерге бара жатқанын және өзіне не болатыны білмесе де басқалармен бірге келе жатыр. Арқасын осып жіберген қамшы, өлердей етіп аяғын тістеп алған ит оның жүрегіндегі барлық батылдығын тауысқандай. Қамшының ауырлығы түспестен барар жолын жақсы білетін адамдай қадамын алшақ басып келе жатқан серігі Алә ад-Дин Сирафиден ешнәрсе сұрағысы келмеді.
Олар кең ашық алаңда әскери салтанатты топтағыдай сапта тұрғандарға қосылды. Жәләл ад-Дин Жумдар өзін солардың арысында тұрғандай сезінді. Күн шуағы оның басынан ыстық қамшымен сабалап жатқандай. Ал зынданның әскерлері оларды қоршап алып, екінші бірі бастағанша оларды балағаттап, айқаймен айдап, теуіп, қамшымен ұрып жатты.
Оларды мәмлүк киімін киген, қамшы ұстап, беліне қылыш асынған ірі денелі, сымбатты жігіт бастап келе жатты. Оның белдігінен қанжар, көкірегінен сұлтан белгісі жылтырлап тұр. Жауға тойтарыс беруге әзірленіп шыққандай басындағы бас киімінінен бір бұрым шашы көрініп тұр... Қызғылт бетті, мақтан құмар бұл еркек аралас тілде, бірақ шала араб тілінде сөлейді... Көптеген шетелдік мәмлүктер сияқты оның сөздері де түсініксіз шет тіліне ұқсайды.
- Мұнда кеше келген тұтқын қайсың?
Жәләл ад-Дин Жумдар жаны құтқарылғандай алға шығып:
32
- Мен... Мені мұнда қамал түрмесінде орын болмағандықтан ғана алып келген. Тұтқынға алатындай ешнәрсе істемедім.
Сол жерде тұрған адам оны қорқытып, қамшысымен осып жіберді де:
- Тыныш, саған сұрақ қойылмайынша, аузыңды ашушы болма, – деп қолын артына қайырып, оның жанында айналшақтап жүре бастады.
- Құпия жерің қайда?
Жәләл ад-Дин Жумдар ісінің ақырға шапқанын, сұлтанның етігінің жоғалуы сұлтандықтағы ең үлкен қиыншылыққа тең екенін түсініп жалына бастады:
- Ант етейін, оның қайда екенін білмеймін. Ұлы Сұлтан бергеннен кейін жаныма қойдым да, кейін жан-жағыма қарап, таппадым.
Қамшымен тағы бір осып жіберіп:
- Малғұн неме, Ұлы Сұлтан берді дейсің... Сенің сенімділігің осындай дәрежеге жетті ме? Мүмкін Ұлы Сұлтанның саған деген рақымдылығын пайдаланып, оның сеніміне дайын болдың ба... Мені тыңда, егер шыныңды айтпасаң, мына қылышпен басыңды қағып түсіремін.
Ол семсерін суырып алып, жоғары сермеп қорқытып қояды. Жәләл ад-Дин дірілдеп, жыламсыраған дауыспен:
33
- Мырза, мен шын айтып тұрмын... Мен тек сұлтанның салтанатынан қашып кетіп қателік жасадым. Сұлтан намазын аяқтағанға дейін күтіп, етіктің жоғалғанын өзіне айтқанымда ғой. Мейірімді жүрегімен танымал Ұлы Мәртебелім бұл жағдайды шешіп, мені мейірімділігі мен кешірімділігіне бөлер еді... Мен Ұлы Мәртебелеме одан басқасын жасап беруге дайынмын.
Мәмлүктің көздерінен ашу оты ұшқындап, оған қарай ұмтыла түсіп:
- Есуас, қалай басқасын жасамақсың?! Әмірдің гауһар тастарына баға жетпейді! – деді.
Жәләл ад-Диннің басы айналып, есінен танып қала жаздады.
- Әмірімнің гауһар тастары!!! Шындығында мен сұлтанның етігі жайлы айтып тұрмын.
Мәмлүк қатты сасып, өзінің түсініксіз тілінде сөйлеп, кетіп бара жатып Жәләл ад-Динді ауыр жазамен қорқытып қойды... Сәлден соң алғашқысына аунымайтын мәмлүк кіріп келді. Қызғылт тартқан, мақтан құмар, сымбатты киінген, бірақ жауыздығы мен қаталдығы басым, кеудесінде екі белгісі бар еркек Жәләл ад-Диннің жанына келіп:
- Ең дұрысы өзің мойындау, - деді.
Жәләл ад-Дин сасқалақтап:
- Мырза, не нәрсені мойындауым керек?! Бұлай жасайтындай мен ешнәрсе істемедім!
Шапшаң нық дауыспен:
- Көмекшілерің... Жәләл ад-Дин, сенің көмекшілерің кім? – деп айқайлай жөнелді.
- Көмекшім? – деп сұраған Жәләл ад-Диннің жүрегі дүрсілдеп қоя берді де, әрі қарай сөзін жалғастырып:
- Мырзам, Сұлтанның етігін жоғалтқаным болмаса, әмірімнің гауһар тастары туралы ешнәрсе де білмеймін.
Жанағы адам қамшысын ауада сермеп, сақтыққа салып, көтеріңкі үнмен сөйлеп, қулықпен жымиып қойды да:
- Қандай гауһар тастар туралы айтып жатсың? Мен сеннен Ұлы сұлтанға қарсы көтеріліске сенмен бірге қатысқан көмекшілерің туралы сұрап тұрмын ғой, - деді қатігездікпен.
- Ұлы Сұлтанға қарсы көтеріліс?!
Жәләл ад-Дин айналасында дүние шыр айналып, біртіндеп есінен адасып жатқандай болды. Бірақ өзін тез жинап алып:
- Қандай көтеріліс, мырза? Шынында мен сарайдағы сенімді адамдардың бірімін. Әрқашан бой ұсынып, өз өмірімді тек сұлтанға ғана арнадым. Бұл жалған және қандай да бір жала. Құдай одан сақтасын... Ант етемін, сұлтанның етігінің жоғалуынан басқа ешнәрсе болмады.
35
Жанағы адам оны қамшымен сабамақшы болып, алға қарай ұмтылды да, қатты ызыға булығып, оны қорқытып, шығып кетті. Сәлден кейін кеудесінде үш сұлтандық белгісі бар шетелдік мәлүктер тәрізді киінген үшінші адам кіріп келді... Жәләл ад-Динге қарай беттеді... Оның жағасынан ұстап алды да, күштеп өзіне қарай тартып:
- Ұлы Сұлтанға қастандық ойлаған сен емес пе? – дей берді айқайлап.
Жәләл ад-Дин есінен танып, құлап бара жатып:
- Бірақ мен әмірімнің гауһар тастарын ғана ұрлаған едім ғой, - дей берді.
الفصل الرابع
37
Төртінші бөлім
Бақытсыздардың қатарына тағы да бір адам қосылды... Шамаил қазынасы бақытсыз жандармен толыға түсті... Шыдамдылығы мен сабырлығын арттыру үшін түсе бастаған тас қараңғылық пердесі ғана әурет жерлерін жасырып тұратын жартылай жалаңаш тұтқындар ыза жерде жатыр. Түнде олардың аурулары қозып, жарақаттары жанға бата бастайды.
- Бейшара, Жәләл ад-Дин, сенің қатты сырқатыңды да сезбеді.
Жәләл ад-Дин жер бауырлап жатып, іші мен кеудесіндегі күйіктің аурғаны басылу үшін мұздай салқын құмға жабыса кетті, бірақ арқасында қамшыдан қалған жарақатын көтере алмай, жерде құрт сияқты ирелеңдеп, жанына батқан азаптан айқайлай берді... Алә ад-Дин аяушылықпен оның иығынан қағып, сөзін жалғастырып:
- Иә, азапқа толы ең қиын күндер, әйел затының нәзік денесінен ләззат алып, өзінің денесіне қарап, әлі де еркіндіктің дәмі мен жұмсақ төсектің рахатына тәуелді болған адамның терісі болмашы азапты сезгіш, нәзік келеді... Ал бізге келер болсақ, қамшымен ұзақ уақытқа созылған келісім жасап, біз оған, ол бізге көнуге шешім қабылдадық. Күнде таңертең денеміз түрменің ішінде күйдіріп жіберердей болатын күннің шуағы, қапырық ауа мен сасық суды күтіп алатындай, қамшыны да күтіп алатын. Күндер өткен сайын нәзік денеміз тіпті қамшының қол алысы мен оның құшағына да сыймайтын ұсқынсыз, қатты нәрсеге айналды!
Жақын жерден өте әлсіз шыққан дауыс:
- Шынында бағанағы түрменің жауынгерлеріне қатты таңқалдым, олардың армандары мен ынта-жігерін тек азап қана оята алады, олар өздеріне жүктелген аманаттары мен қызметтерін жеңдерін түріп алып, барлық ықыласпен орындауда, ал ертен ол тек ақымақтық пен бос әурешілікке айналмақ!!
Алдыңғы дауыстан еш өзгешелігі жоқ келесі бір дауыс:
- Неліктен оны тозақ не қасірет, болмаса, тамұқ не жаһаннам деп атамай, қазына деп атағанын түсінбедім.
Алә ад-Дин кекесін дауыспен:
- Әрине, қазына деп атайды, себебі оның ішінде өте бағалы заттар сақталынған... Жер бетінде бізден бағалы жан бар ма осы?
Жәләл ад-Дин сырқатына қарамастан:
- Оны тұрғызған адамды Алланың қарғысы атсын, - деді.
39
- Шамамен екі ғасыр бұрын Алам ад-Дин Шамаил Камил Мухаммад әл-Аййуби патшаның уәзірі болған... Ол өз атының халық арасында айтылып жүруі үшін және оған дұға бағыштап не қарғыс айту үшін осы қазынаны тарихта қалдырған.
Жәләл ад-Дин өзімен-өзі сөйлесіп отырғандай:
- Осының барлығы қайдағы жоқ бір етік үшін бе?! – деп сұрады.
- Жоқ, шындығында ол тек жалғыз етік үшін емес, артында ұлы оқиғлар жасырылған не деген көп шымылдық? Ең күлкілі нәрсе Ұлы Сұлтан мен оның нөкерлерінің сұлтанның етігі жоғалғаннан соң ешнәрсе түсінбей, сенің қашып кетуіңнің себебін өз мүддерлеріне байланысты түсінуі болып отыр. Бірақ бір сұрақ туындайды... Сұлтан Сұлтан Бурқуқ мешітінен сарайға дейін етіксіз қалай жетті екен?
Әңгімеге сырқатынан қиналып жатқандай нәзік дауыс араласып:
- Мұның қай жері күлкілі! Сұлтанымыздың әлі кішкентай екенін ұмытып кеттіңдер ме... Ол әлі күнге дейін балалар ойынын ойнап, құм қазып, жалаң аяқ жүреді, тіпті түнде жарық өшіп қалса, пұтына жіберіп қоюы да мүмкін! Мен оны шарап ішіп шайқалып, жалаңаяқ – жалаңбас сарайға қарай беттеп келе жатқанын көргенмін... Иманның әлсіздігі мен надандықтың өршуі туралы не айта аламыз! Бұрынғылар мен алдыңғылардың өмірі тек Алланың ғана қолында.
Алә ад-Дин Жәләл ад-Диннің құлағына сыбырлап:
40
- Мынау Саад ад-Дин ибн Араб деген қазы кісі... Қазынаға бірнеше ай бұрын Жәмәл ад-Дин Асфара Айнуһу әл-Истәдар, оған Алланың қарғысы болсын, екуінің арасында келіспеушілік туғаннан кейін келген. Қазынадағылардың барлығының әдеті бойынша мұндай жағдайлар бізге үлгі бола алмады. Тіпті олар бірін-бірі танымайды да... Таңертеңмен азаптаушы тордың ортасына түсіп, кешке жандарына батқан сырқаттан айқайлап, ыңқылдай бастайды... Олардың танысу мен әңімелесуге уақыттары да жоқ. Ал мен олардың барлығын азаптан қиналып шыққан айқайлары мен ыңқылдаған дауыстарынан-ақ олардың кім екенін білемін... Мәселен, мына жәй ыңқылдан жатқан шарап құюшы, ал қатты жылап жатқан қазынашы, анау еңреп жылап жатқан Жәмәл ад-Дин Асфара Айнуһу әл-Истәдардың азабына ұшыраған көшірмеші Хисам ад-Дин ибн Зада.
Қазынаның ішінен ашуға булыққан дауыс шықты:
- Оның кедей, өте төмен халде Каирге келген кезі әлі есімде, оның Таблахана әміріне қызметке тұруына дейін оны тамақтандырып, кейіндірдім. Осыдан оның жұлдызы жанып, жоғарыға көтеріле бастады. Ол ең бірінші өзіне жақсылық жасаған қолды, менің қолымды шапты.
Ашуға салынған Жәләл ад-Дин тістеніп:
- Жәмәл ад-Дин Асфара Айнуһу... Ол біздің қарғыс атқан жауымыз... Егер ол менің қолыма түскенде ғой парша-паршасын шығарар едім...
41
Алә ад-Дин оның иығынан қағып, Жәмәл ад-Динге қатысты жеңілдегендей:
- Жоқ, Жәмәл ад-Дин емес, ол тек өзінен күшті біреудің қол шоқпары ғана.
- Сұлтан дегің келе ме?
- Сұлтан да өздерін перделеу үшін қолданатын әмірлердің қолындағы жәй құрал ғана... Сендер Сұлтан Бурқуқтың тұсынан бастап олардың арасында тұтанған соғыстар мен күрестерді және Шамда оған қарсы ұйымдастырылған әмірлердің төңкерісі туралы естімедіңдер ме?
- Ешқашан саясат төңірегінде әңгіме қозғамаппын... Менің барлық білетін саясатым Сұлтанға адал болып, оның рыйзашылығы үшін қ